Алматыда Ұлыстың ұлы күні Наурыз шеруімен басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Күн мен түн ғана емес, хан мен қара да теңелген қасиетті Наурыз мейрамы Алматыда «Наурыз шеруімен» басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Наурызда ұлттық киім киген сән-салтанаты жарасқан топ көшелермен жүріп өтеді.

21 наурызда таңертең шеруге қатысушылар Абай даңғылының бойында Қазақ мемлекеттік циркі алдындағы алаңға жиналып, сағат 10-да ұлттық киім киген қатысушылар дабылдатып, сахналанған көрініспен шеруді бастайды. Арнайы көліктің үстінде Қыдыр Ата мен Жер Ана шеруді бастап жүреді.

Шеруге Алматы қаласы мәдениет мекемелері, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушылары, саятшы - бүркітшілер мен таз ит баптаушылар, қала тұрғындары барлығы 2мыңға жуық адам қатысады.

Абай даңғылымен көш түзеген шеру Абылай хан даңғылымен төмен түседі. Сырнайлатып, кернейлеткен сәнді топ Қабанбай батыр көшесінде оңға бұрылып, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрына дейін сән-салтанатымен жүріп өтеді.

Сонымен қатар, наурыз мерекесі қарсаңында МузАРТ тобының ашық аспан астындағы концерті өтеді. МузАрт 23 наурызда, кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында өнер көрсетеді. Ал 22 наурызда қала тұрғындарын мерекелік бағдарлама күтеді, онда Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Мөлдір Әуелбекова сынды әртістер, «Рензо», «Меломен», «Аянат», «Назар» сынды топтар ән шырқайды көрсетеді.

Сондай-ақ, алматылықтарды Түркиядан, Әзербайжан мен Қырғыз елінен келетін шетелдік музыкалық-би топтары құттықтайды. Шетелдік қонақтар мерекелік көңіл-күймен бөлісумен қатар, көктемнің келуімен ұштасатын шынайы түркі мерекесін мерекелеудің өз елдеріне тән дәстүрлерімен таныстырады.

Жаңа жыл ұлттық дәстүрдегі халық серуендерінен басталады. Сонымен қатар, әлемнің 6 елінен келген 170 қолөнер шебері өз өнімдерін жұртр назарына ұсынып, зергерлік құпияларымен бөліседі.

Айта кетерлігі, төрт күнге созылатын мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерттер, жәрмеңкелер мен фестивальдерді тамашалай алады. Фестивальдер Астана алаңында, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде, «Атакент» көрме кешенінде, «Алматы Арена» мен «Халық Арена» спорт кешендері маңында, сондай-ақ «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтеді: 22-23 наурыз - Астана алаңы; 21-24 наурыз - Панфилов, Жібек жолы көшелері; 22 наурыз - Нalyk Arena мұз айдыны кешені; 22 наурыз - «Алматы Арена» Мұз сарайы; 22 наурыз - «Атакент» ҚІЫО; 23 наурыз -«Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені. Сонымен қатар, бұл күндері қалада 60 тонна көже мен бауырсақ таратылады.

Соңғы жаңалықтар