Алматыда ұлы тұлғалар саябағы ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тарихшылар «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру жобасын және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін талқылады. Жиын Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға кәсіби тарихшылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері, ҒЗИ өкілдері, докторанттар және жас ғалымдар қатысты. Белгілі ғалым, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі өз баяндамасында есімдері ел есінен тыс қалған тұлғалар туралы тілге тиек етті.

«Біз оқыған жылдары оқулықтарда шығыс ойшылдарынан әл-Фараби, Баласағұни, Қашғаридан басқа ешкім болмайтын. Шын мәнінде солай ма? Олай емес. Біз бір ғана әл-Фарабиді білдік, 1968 жылдары Философия институты жанынан әл-Фараби мұрасын зерттейтін орталық ашылды. Шын мәнінде, әл-Фараби жалғыз емес еді. Менің зерттеуімде 30 әл-Фараби болды, бір ғана Тараз қаласының өзінен 7-8 ғалым шыққан, әл-Меркий, әл-Баласағұнилар көп болған. Сондықтан, қазақ мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқан ғалымдардың бәрін білу - өте маңызды. Бұл жобалар тарихшылар мен этнологтарға кең даңғыл жол ашып отыр», - деді Әбсаттар Дербісәлі.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Сайын Борбасов «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту саябағының тұжырымдамасы туралы айтып өтті.

«Президент мақаласында айтылған міндеттердің бірін орындау мақсатында Ұлы Даланың ұлы тұлғаларының есімдер галереясы ашылады. Біздің міндет - соған кіретін тұлғаларды іріктеу. Бізде мектеп пен ЖОО бағдарламасында тек 7-8 адам ғана айтылады. Бұл әділетті емес. Шын мәнінде, біздің елге, қазақ елінің рухани дамуына еңбек сіңірген тұлғалар көп болған. Рухани мұрасы ұмыт болған, бізге жетпеген көптеген ғұламалар бар. Тек Тараздан шыққан 51 ғұлама бар. Меркеден шыққан 7-8 адам бар. Осы тұлғаларымыздың еңбектерін терең зерттеп, рухани айналысқа, мәдени кеңістікке енгізу керек», - деді саясаттану ғылымдарының докторы, тарихшы, профессор, Тарих институты директорының орынбасары Сайын Борбасов.

Сонымен қатар, Ұлы даланың ұлы есімдері жобасы мен тұжырымдамасында мультимедиалық карта жасау жоспарланған.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» тұжырымдамасын жасаған кезде арнайы интерактивті карта туралы бөлімді кіргіздік. Тізімнен қалып қойған, қосылуы тиіс деген тұлғаларды енгізу үшін портал жасамақпыз. Портал арқылы жас ғалымдар пікір алмасып тұрады, мультимедиалық файлдар орнатылады. Қазір тізімге 80-нен астам адам ілінді», - деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Әуезхан Шашаев.

Соңғы жаңалықтар