Алматыда «Ұлы дала өрнектері» көрмесі ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы дала өрнектері» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы дала өрнектері» көрмесі көрермендердің назарына қазақ халқының кесте бұйымдары мен дәстүрлі әшекейлі белдіктердің үздік үлгілерін ұсынды. Көрме залына қойылған дүниелердің әрқайсысы бірегей. Түскиіздердің ою-өрнекті сарындары мен полихромды гаммасында Ұлы дала рухы сезіледі.

Мұнда кестеленген бұйымдардың алуан түрі бар. Қолөнер шеберлері өрнектерге ерекше мән берген. Түскиіз бен кілемдерде бейнеленген әр суреттің өзіндік мән-мағынасы бар.

Қазақ халқы кестелі өнерінде, өсімдік элементтерін көп пайдаланған. Мысалы, ирек бұтақтар, жемістер, гүлдер мен тірі табиғат бейнесін жиі қолданған.

Білікті шеберлер әшекейлі белдіктерді былғарыдан немесе таза барқыт матасынан жасаған. Сондай-ақ, белдікті күміс және асыл тастармен безендірген. Бұл белбеулер зергерлік бұйымдардың шынайы туындысына жатады.

Орталық Азия көшпенділерінің доңғалақты, ағаш, темір ұсталығы мен киіз үйді ойлап табуы адамзат қызметінің көптеген салаларын дамытуға ықпал етті. Мысалы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, сәулет және т.б салалардың өркендеуіне түрткі болды.

Көшпенділер өркениеті «Сақ - аң стилі», геометриялық, полихромды пішінді қалыптастырған. Көшпенділер мәдениеті қазақ ою-өрнегінде және өзіндік халық қолданбалы өнерінде сақталған.




Соңғы жаңалықтар