Алматыда Ұлттық ұланның сарбаздары ата-аналарымен Skype арқылы тілдесті (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Конституциясы күні қарсаңында, сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ұлттық ұланның Алматыда орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571-ші әскери бөлімінің базасында Алматы қаласынан және Алматы облысынан әскерге шақырылған сарбаздардың ата-аналарымен ашық есік күндері өтті. Бұл туралы Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Шара «Конституция және құқық тәртібі күзетінде» атты акция аясында «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан - елі мен халқына қорған!» деген ұранмен ұйымдастырылды. Аталған шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сәтов жиналған сарбаздардың ата-аналарына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету әскерінің жауынгерлік қызметі мен атқаратын міндеттері туралы әңгімелеп, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді. Көптеген ата-ана ұлдарының Ұлттық ұлан университетіне түсу мүмкіндіктері туралы сұрады. Жиналған көпшіліктің көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап берген соң, Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі қызметте үздік шыққан сарбаздардың ата-аналарын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан грамоталармен марапаттады», - делінген хабарламада.
Бұнымен қоса осы іс-шараға арнайы келген Алматы қаласы Ішкі істер департаменті кадрлық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Закир Багиев ата-аналарға Ұлттық ұлан қатарында борышын өткерген сарбаздардың Ішкі істер органдарында да қызметке тұру мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтіп, құжаттарды қалай рәсімдеу, қай жерлерге барып хабарласу реттерін түсіндірді.
Ұлттық ұлан әскері туралы жалпы мәлімет алған соң, көпшілік назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөлімнен тікелей байланыста хабарласуға мүмкіндік туды.
Осылай жалғасқан шара барысында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Ұлттық ұланның 23 әскери бөлімдерімен тікелей байланыс ұйымдастырылып, ата-аналар балаларының амандығын көріп көзайым болды.
Айта кетерлігі, осы күні Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде құрылған Әйелдер кеңесінің байланыс телефондары сарбаздардың жақындарына берілді, осы нөмірлер арқылы ата-аналар алдағы уақытта ұлдарының қызметі қалай өтіп жатқанын өздерінен біле алады. Мұнан бөлек, ата-аналарға әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылды, яғни олар бөлім аумағын, сарбаздардың жатын орнын, асханасын, медициналық лазаретін көріп, қару-жарақ және техникасын тамашалады.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың маусым айында қарулы топ лаңкестік шабуыл жасаған Ақтөбедегі 6655-ші әскери бөлімінде борыштарын өткеріп жүрген Алматы өңірінің сарбаздары да онлайн-байланысқа шықты. Оқиға болған күні олар да бір жеңнен қол шығарып, лаңкестердің басқыншылығына табандылықпен төтеп берген еді.
Мұндай кездесулер бұған дейін Ұлттық ұланның Қостанай және Ақмола облыстарындағы әскери бөлімдерінде өткізілген болатын. Жылдың соңына дейін осы тектес шараларды ҚР Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде өткізу жоспарланған.
- Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус 2087 адамнан анықталды
- Атырау облысының әкімі жарақат алған полицейлердің халін біліп қайтты
- Алматыда жалдамалы пәтерден цифрлық техника мен әскери амуниция табылды
- Павлодар облысында ұстаздар қашықтан жұмыс форматына көшірілді
-
Алматы азық-түлікпен қажетті көлемде қамтамасыз етілген – әкім
-
ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштер қолбасшылығы мәлімдеме жасады
- Елбасы жолдауы
- Жолдау жүктеген міндеттер
- Қазақстан тарихы
- Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы
- Жаңа индустрияландыру
- Болашаққа 100 қадам




