Алматыда ұлттық спорт түрлерінен Азия чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануына орай, Алматыда көктемде ұлттық спорт түрлерінен жастар арасында Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланған болатын. Осыған байланысты 15-22 сәуір аралығында ұлттық спорттың төрт түрінен, атап айтқанда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан Азия чемпионаты өтеді. Сайыс Алматы қаласындағы атшабарда ұйымдастырылады. 8 команда қатысады деп күтіп отырмыз. Бүгінгі кеңес отырысына он мемлекет қатысып отырғандықтан, бүл чемпионатқа мен барлық командаларды шақырамын», - деді Астанада әлемнің 10 елінің Ұлттық спорт федерация басшыларының қатысуымен өткен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесінде ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.

Қауымдастық өкілі өз сөзінде чемпионатқа 21 жасқа дейінгі спортшылар қатысатынын тілге тиек етті.

«Сонымен бірге, 20-21 сәуір аралығында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының екінші халықаралық конференциясы өткізіледі. Оған 30-40 мемлекет қатысатыны күтілуде. Айтулы жиынға 20-ға тарта елдің спорт министрі шақырылғалы отыр. Конференция барысында ат спортын дамыту мәселелері талқыланады», - деді ол.

Еске сала кетсек, Астанада әлемнің 10 елінің Ұлттық спорт федерация басшыларының қатысуымен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесі өткен болатын. Кеңесте қауымдастыққа жаңа мүшелер қабылданып, халықаралық жарыстарды ұйымдастыру тәртібі қаралды. Жиында көкпардың халықаралық ережелері талқыланды. Кеңеске Қазақстан, Мажарстан, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Ресей ұлттық федерациясының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, кеңес кезінде көкпардың халықаралық ережесіне хаттама негізінде жоғарыда аталған 10 елдің ұлттық федерация басшылары қол қойды.

Соңғы жаңалықтар