Алматыда уланған балалар үйлеріне қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда  уытты баллонның шашырауынан жапа шеккен  балалардың барлығы үйлеріне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай туралы хабарлама 17:05-те түскен. Оқиға орнына 11 жедел жәрдем бригадасы барған. Барлығы 36 оқушы Балаларға шұғыл медициналық көмек беру орталығына жеткізіліп, оқушыларға белгісіз заттан уланған деген диагноз қойылды. Олардың барлығы тұншығып, көздері жасаурап, бастары ауырып келді.

«Балаларды білікті мамандардан құралған  мультидисциплинарлық команда қарап шықты. Диагностикалық тексерулерден соң 6 бала амбулаториялық ем қабылдауға үйіне жіберілді. Токсикология бөлімшесінде 29 бала жатып шықты. 1 қыз бала жансақтау бөлімінде жатқан болатын. Оған улы газ көбірек шашыраған. Басы ауырып, көзі жасаурап түсті. Белгісіз газ болған соң сақтандыру ретінде олар ауруханаға жатқызылды.  Балаларға қатысты дезинтоксикациялық ем шаралары жүргізілді. Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір балалардың барлығы үйлеріне амбулаториялық ем қабылдауға қайтарылды», -  деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Əсел Бисенбаева.

Оның айтуынша, қазір балалардың барлығы сабаққа барып жүр.

Айта кету керек, №173 мектепте түскі 16:00 шамасында төтенше жағдай орын алды. 7 сынып оқушылары үлкен қоңырау кезінде уытты баллондағы затты шашыратып алған.

Мұндай жағдай Алматыда бірінші рет болып жатқан жоқ.

Осыдан бірнеше ай бұрын мектепте бұрыш баллоны шашырап бірнеше бала уланған еді.

Соңғы жаңалықтар