Алматыда ҰБТ-ның алғашқы аптасында 9 түлектің нәтижесі жойылды
2022 жылғы 24 мамыр 17:19

Алматыда ҰБТ-ның алғашқы аптасында 9 түлектің нәтижесі жойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған алғашқы аптада ереже бұзудың 9 фактісі анықталып, тест нәтижелері жойылды. Бұл туралы брифинг барысында қалалық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда ҰБТ басталғалы бір апта ішінде 1300-ге жуық түлек тест тапсырды. Мегаполистегі үш тестілеу орталығында ереже бұзудың 9 жағдайы анықталды. Олардың біреуі тест тапсырмаларын шығарып, таратпақшы болған. Қалғандары телефон арқылы қашықтан жауап алуға тырысты. Бәрінің нәтижесі жойылды. Сонымен қатар олар енді екінші мүмкіндігін қолдана алмайды», - деді ол.

Спикердің айтуынша, түлек бірінші тестілеуден сәтті өтіп, екінші мүмкіндікте белгілі бір ережелерді бұзса, онда екі тестілеудің де нәтижелері жойылады және ол грант алу конкурсына қатыса алмайды.

«Сондықтан әрбір талапкерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамыз. Әрбір ата-ана ҰБТ-ның өту барысын көре алады. Барлық бейнежазба тестілеуден кейін тексерістен өтеді. Тестілеуге қатысушы тәртіп бұзған жағдайда нәтижесі жойылады, грант иегері болып жатса да, грантынан айырылады», – деді Гүлнәр Ермекбаева.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT