Алматыда «Тұздыбастау» қосалқы электр станциясы салынып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Тұздыбастау» қосалқы электр станциясының құрылысы 2023 жылы аяқталады. Бұл туралы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Наиль Лебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұздыбастау» қосалқы станциясының құрылысы жалғасуда. Іске қосу мерзімі – 2023 жылдың 1-ші тоқсаны. Соның нәтижесінде «Қайрат» және «Нұршашқан» шағынаудандарында электр энергиясымен проблема жойылатын болады. Жыл соңына дейін «Әлмерек», «Нұршашқан», «Шуақты» шағынаудандарының ішінде электрмен жабдықтаудың тарату желілері салынады», - деді спикер.

Сонымен қатар ол Түрксіб ауданында 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» шет аймақтарды дамытудың кешенді жоспары белсенді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Осы жылдың наурыз айында Төменгі Пятилетка ауданында 4120 үйді қамтитын сумен жабдықтау және судан бұру желілерінің құрылысы басталды, онда 16 мыңнан астам тұрғын тұрады. Желілерді салуды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Жас қанат» шағынауданында монтаждау жұмыстары жүргізілуде, онда 2500 тұрғынды қамтитын 530 үйге су жүргізіледі. Жұмыстар осы жылдың соңында аяқталады», - деді ол.

Сонымен қатар Закарпатская көшесі бойында су құбыры және судан бұру желілерінің құрылысы жүргізілуде (70 абонент). Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2022 жылдың қыркүйек айы. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, «Шуақты» шағынауданында (400 абонент) су құбыры мен кәріздің тарату желілерінің құрылысы басталды. Жұмыстарды 2023 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Аудан әкімінің орынбасары «Маяк» шағынауданында су құбыры және кәріз желілерінің құрылысына ЖСҚ әзірленіп жатқанын тілге тиек етті.

«Сондай-ақ су «Қайрат» шағынауданына, Бұқтырма көшесінің оңтүстігіне (Шығыс қақпасы) өтеді. «Әлмерек» шағынауданында 261 үйге су және 517-ге судан бұру желілері тартылады»,- деді Наиль Лебаев.

Сөз соңында спикер Түрксіб ауданы магистральдық газ желісімен 99% қамтылғанын айтты.

«Ауданда барлығы 25 128 жеке меншік үй, оның ішінде 24 963 үй газдандырылған. 165 үй газға қосылмаған болып қала береді. Бұл ретте 95-іне газ магистралі тартылды, оның ішінде 19 үй қосылу сатысында, 76 үйде объективті себептер бойынша мердігерлік ұйымдармен ішкі монтаждауға арналған шарт жоқ (жер учаскелерінде құрылыстардың болмауы, аяқталмаған құрылыстар, уақытша құрылыстар, заңдастырылмаған үй құрылыстары)», - деп атап өтті спикер Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Жеке инвестициялар есебінен жаңадан салынған 70 үйге газ магистралінің құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2022 жылғы қыркүйек. Бұл ретте демеушілер есебінен өткен жылы әлеуметтік жағынан осал 25 отбасының үйі газға қосылды.


Соңғы жаңалықтар