Алматыда Тұрсынбек Кәкішевтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішев тұрған үйге жазушының ескерткіш тақтасы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға ақын, жазушылар, ғалымдар, Алматы қаласы әкімдігі, өнер, мәдениет, ғылым саласының өкілдері, жазушының туған-туысары қатысты.

«Бүгін Алматы қаласының өмірінде ғана емес, ұлтымыздың рухани кеңістігінде үлкен қуанышты оқиға болуда. Өйткені, бүгін ұлтым деп өмір сүрген Тұрсынбек Кәкішевтің ескерткіш тақтасы өзі тұрған үйіне қойылды. Тұрсекең ұлттық әдебиетіміздің мәртебесін көтеру үшін, тарихын тереңдету үшін өмір сүрген адам. Біз оның 21-ші ғасырдың елең-алаң басында жасаған еңбегін жете танып, зерттеуіміз керек. Оның Сәкен Сейфуллинді танытудағы еңбегі ересең, 60-шы, 70-ші жылдары таяқ жеп жүріп, Мағжанның атын тайға таңба басқандай танымал етті. Сәкен мен Мағжан арасындағы тамырлы байланысты ғажап зерттеушілік шеберлікпен жазып еді, ол бойынша бізге лекция оқып еді. Осындай алып тұлғаның халыққа сіңірген еңбегін Алматы жұртшылығы бүгін үлкен қуанышпен қабылдап отыр»,- деді ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.


Ол, сондай-ақ алдағы уақытта Тұрсынбек Кәкішевтің атына Алматыда көше берілетінін айтты.

«Біздің тұлғатануда жіберіп жатқан әттегенайларымыз көп. Қайсыбірін айтамыз. Тұрсекең қоғам кемшілігін бетімізге басып айтатын. Артығымыз болса қуанып айтатын. Жүрегі кең еді. Тұрсекеңнің мәңгілік жолы енді басталды. Оның атына көше де беріледі. Тұрсекең секілді алашым деп өткен азаматтарды біз әспеттеуіміз керек. Олардың өмірі ұрпаққа үлгі болу керек. Бүгінгі Тұрсекең тұрған үйге қойылған ескерткіш тақта соның бір айшықты белгісі. Осы орайда Алматы қаласы әкімдігіне, ел басында жүрген азаматтарға, бәріне халықтың айтар ризашылығы зор»,- деп құттықтауын жеткізді Нұрлан Оразалин.

Айта кетейік, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің ескерткіш тақтасы Алмалы ауданы, Шагабутдинов көшесі, 171 үйге (Абай даңғылының қиылысы) орнатылды.


Соңғы жаңалықтар