Алматыда тұрмысы төмен отбасыларға ыстан қорғайтын датчик тегін орнатылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрмысы төмен отбасылардың үйін ыстан қорғайтын датчиктермен тегін қамтитын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«От жағу маусымы жақындағанда ТЖД өкілдері жекеменшік секторды аралап шықты.

Мамандар 145 мың үйдің пештерін тексеріп шықты. 2019 жылдың басынан бастап 130 мың үй тексерілді. 300 мыңға жуық жадынама таратылып, 170 кездесу жүргізілді. Полиция департаментімен бірге әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тізімі жасалды», - деді брифинг барысында қалалық ТЖД басшысының орынбасары Арман Байгелов.

Жүргізілген жұмыстарға қарамастан Алматыда өрттен 8 адам қайтыс болды. Олардың 4-уі жекеменшік үйдің тұрғыны болса, 4-уі көпқабатты пәтерде тұрған.

Барлық жағдайда да 2-15 шаршы метр аумақтағы үй заттары ғана жанған.

Ыстан 35 адам уланды. Олардың ішінде 18 бала бар.

«2018-2019 жылдың жылыту маусымында жекеменшік секторда 204 өрт тіркелген. Осыған байланысты ТЖД мамандары жылыту маусымына мұқият дайындалу қажеттігін ескертеді. Атап айтқанда, пешті жөндеуден өткізіп, құбырларды тазалап, электр желілерін де тексеруді ескертеміз», - деді ол.

Биыл ТЖД мамандары көмір жағып отырған 16 мың үйді аралап тағы тексеріп шықпақ.

«Қазір әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тізімін алып жатырмыз. Әзірге нақты санын айта алмаймыз. Осы отбасыларға ыстан қорғайтын датчик тегін орнатылатын болады», - деді Арман Байгелов.

Былтыр ТЖД 674 датчик сатып алған. Олардың 514-і жекеменшік үйлерде орнатылды.


Соңғы жаңалықтар