Алматыда түркітанушы ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың ғылыми еңбегі таныстырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін халықаралық Түркі академиясы көрнекті түрколог Ғұбайдолла Айдаровтың «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты ғылыми еңбегін қайта жарыққа шығарып, оқырманға таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан 50 жыл бұрын басылып, бүгінде табыла бермейтін сирек кітапқа айналған іргелі еңбектің тұсаукесер рәсімі Ғ.Айдаровтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық конференция аясында ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен алқалы жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті түрколог Осман Фикри Серткая, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Нахчыван филиалы, Өнер, тіл және әдебиет институты директоры Абулфаз Кулиев, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Қырғызстан Манас атындағы университеттің профессоры Қонқобаев Қадыралы, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова, ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, танымал түрколог Ерден Қажыбек, сонымен қатар Ғ.Айдаровтың балалары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Оның абыройы мен беделі біз үшін аса қымбат. Оның Ұлы Дала тарихына байланысты әңгімелері мен ғалымдармен жүргізген пікір таластары әлі есімде. Үйленгеннен кейін әкем кезекші ғылыми экспедицияларға кететін, ал анам үйде қалатын, ол 8 баланың тәрбиесіне жауапты болды. Анам 35 жылдан астам уақытын мұғалімдік қызметке арнады», - деді Ғ.Айдаровтың үлкен ұлы Наурыз Айдаров.

Оқырманға жол тартқан жаңа басылым Орхон өзені аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері тілін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан жан-жақты талдап, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығын ашып көрсетеді.

Автор өз зерттеуіне Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Кули-Чор қатарлы маңызды ескерткіштер мәтіндерін арқау еткен. Кітаптың соңында бірқатар ескерткіштердің мәтіні, транскрипциясы мен орыс тіліне аудармасы, грамматикалық форма көрсеткіштері және шағын сөздігі қоса берілген.

Айта кету керек, Түркі академиясы жарыққа шығарған екінші басылымда бұрын техникалық себептермен кеткен қателіктер түзетіліп басылды.

Сонымен қатар, конференция барысында ғалымның үлкен қызы Сәуле Ғұбайдоллақызына Түркі академиясы тарапынан арнайы құрмет көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар