Алматыда түркі әлемі кинофестивалі өтуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Түркі әлемі деректі фильмдері IV Халықаралық фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтуде. Іс-шараны Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Түркі әлемі журналистері федерациясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазан айының басында Ыстанбұлда (Түркия) ашылған кинофестиваль биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтіп жатыр. Кинофестивальде Түркия, Қазақстан, Түрікменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары қатысуда. Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптар мен жастар тәрбиесін қамтиды», делінген хабарламада.

Шараның салтанатты ашылуына кинематографияның аңызына айналған, түркі әлемінің танымал актері мен режиссері Асанәлі Әшімов, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир және басқа да шетелдік құрметті қонақтар, сондай-ақ кинодокументалистер мен фильмдердің авторлары, қоғам мен масс-медиа өкілдері, Алматының студенттері қатысты.

«Ортақ түркі мұрасын сақтауға, ұлттық ерекшелікті насихаттауға және түркітілдес мемлекеттердің шығармашылық интеграциясын нығайту ісіне арналған кинофестивальді өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Деректі кино өзекті әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар тақырыптарды көтере отырып, жас ұрпақ бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, дүниетаным мен өмірлік бағыт-бағдарды дамытады», - деп атап өтті шараның қонақтары мен қатысушыларын қарсы ала отырып КазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Ол Бакуде (Әзербайжан) өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түркі келешегі - 2040» бағдарламасына мәдениет, білім және жастар саясатына арналған шараларды қосу қажеттігі жөніндегі пайымдамасымен ұштасатындығын баса айтты.

Кинофестивальде Асанәлі Әшімов рухани дамуға шақыратын жүрекжарды өлеңдерін оқып, студент жастарға үлкен сәттілік тіледі.

«Жақсы оқыңыздар! Сонда сіздер өздеріңізге де, елімізге де, халқымызға да үлкен пайда әкелесіздер. Еңбек етіңіздер, озық болуға талпынып тырысыңыздар, білімді болыңыздар. Мен сіздерді осыған шақырамын!» - деді кино майталманы.

«Жыл сайын фестиваль өзінің тынысын кеңейтіп біздің елдерімізді рухани жақындастырып келеді. Бұл шара ұлы түркі ойшылы Әл-Фарабидің жерінде өткізілуде, оның мұрасы бізді біріктіреді, ол бүкіл адамзат үшін құнды. 2020 жылы әлем оның 1 150 жылдығын атап өтпек, бұл маңызды оқиға келесі кинофестивальдің тақырыбында міндетті түрде көрініс табатын болады», - деп атап өтті Мендерес Демир.

Сонымен қатар ол Асанәлі Әшімовке әлемдік кинематографқа және түркі елдерінің мәдени байланыстарын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін арнайы сыйлық табыс етті.

Қазақстандық бағдарламада кинофестивальдің финалына өткен үздік студенттік және кәсіби деректі фильмдер көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар