Алматыда туристерге арналған трамвай қашан жүреді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қаланың төменгі жағында туристерге арналған трамвай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристік трамвай жүретін болса, ол шетелдік туристерге қызық болатын маршруттармен жүруі тиіс. Біз ол үшін 100 жыл бұрын салынған ағаш үйлер орналасқан Үлкен және кіші станица ауданын таңдадық. Қазір ол үйлерді реставрациядан өткізіп жатырмыз. Әр үйдің тарихы бар.

Қашан екені әлі белгісіз. Егер осы жобаны жүргізіп жіберсек жақсы болар еді», - деді әкім.

Айта кету керек, биыл ақпанда Алматы тұрғындарымен кездесуінде Бақытжан Сағынтаев Стамбулдағыдай туристерге арналған трамвай шығаруды ұсынды.

«Менің ойымша, бұрынғы трамвай жүйесін қайтару мүмкін емес. Бұл біздің қаламыздың тарихы болып қалады. Қазір электр желісімен жүретін электробустар, БРТ, ЛРТ сияқты көліктермен шешіліп жатыр», - деді ол.

Туристік трамвай Көкбазар маңайымен жүретін болады.

«Ол жақта арнайы көше бар. Ол көшеде трамвай жүреді. Бұл көлік ескі қаланы аралатып көрсетеді. Көкбазардың айналасында бізде де ескі үйлер көп. Бізде осы орайда идея туды. Біз де ескі қаланы аралатау үшін қалаға келген туристерге осы мүмкіндікті пайдалансақ. Ал, барлық қалада қайтадан трамвай желісі салынбайды», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар