Алматыда туристер үшін 10 ақпараттық терминал орнатылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда туристерді жедел жәрдем және полиция қызметіне шұғыл қосатын 10 ақпараттық терминал орнатылады. Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Айнабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 локацияда ақпараттық терминалдар орналастырылады. Олар қала қонақтарына Алматының көрікті жерлері туралы ақпаратты интерактивті түрде ұсынатын болады. Стендтер арқылы туристер түрлі қиын жағдайларға тап болған жағдайда полиция қызметкерлерін, сондай-ақ жедел жәрдем қызметкерлерін шақыра алады», - деді Марат Айнабеков.

Бұл құрылғылар «Туристік ақпарат орталығы» ЖШС көрсеткен локацияда:

1. Бейімбет Майлин көшесіндегі Алматы әуежайында;

2. Жібек Жолы даңғылындағы көк базарда;

3. Көктөбеде;

4. 28 панфиловшылар паркінде;

5. ҚР Тұңғыш Президенті паркінде;

6. Абай-Байтұрсынов көшелерінің қиылысында;

7. «Медеу» кешенінде;

8. Панфилов-Гоголь көшелерінің қиылысында;

9. Панфилов-Жібек жолы көшелерінің қиылысында;

10. «Forum Almaty» сауда орталығында;

11. «Dostyk Plaza» сауда орталығында;

12. Алматы 2 теміржол вокзалында;

13. «Essentai Mall» сауда орталығында;

14. «Шымбұлақ» ТШК;

15. Алматы орталық стадионында;

16. Астана алаңында;

17. Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында;

18. Мемлекеттік музейде;

19. «Мега Park», «Mega Alma-Ata» сауда, ойын-сауық орталығында;

20. «ЦУМ» сауда орталығында орналасады.

Бұл терминалдар арқылы интерактивті картамен түрлі нысандарды іздеп табуға, туристік маршрут сызуға, барлық әлем тілдерінде ақпарат алуға, қалада болып жатқан шаралар туралы білуге болады.

Сондай-ақ, жедел нүктелер бойынша әжетхана, медициналық көмек нүктелерін табуға мүмкіндік бар.

«Сонымен қатар, тауға шығатын туристерге апта сайын туристік хаб базасында (Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы аумағында) тегін білім сұхбаттары өткізіледі», - деп түсіндірді Марат Айнабеков.

Бұған дейін Алматыда ауа температурасының құбылмалылығына байланысты Богданович шыңына шығудың қауіптілігі ескертілген болатын.


Соңғы жаңалықтар