Алматыда түрік ақыны Юнус Әміре жырларының қазақша аудармасы таныстырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда түркі әлемінің ойшыл ақыны Юнус Әміренің «Жырлар» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында түркі әлемінің ұлы ойышылы Юнус Әміренің жырларының қазақша аудармасы жарыққа шықты. Ұлы шайырдың жырларын түрік тілінен қазақ тіліне жазушы, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері Мәлік Отарбаев аударған. Тұсаукесерге Анкарадан арнайы келген Мәлік Отарбаев жолма-жол аударма жасау барысында Юнус Әміре тілінің қазақ тіліне өте жақын екенін байқағанын айтты.

«Ақын жырларының қазақ тіліндегі көркем аудармасын ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жасады. Кей өлеңді бір ай бойы аударған күндеріміз болды. Юнус Әмірені орыс тілінен немесе қазіргі түрік тілінен емес, ақынның өзі жырларын жазған түпнұсқа тілден аударып отырмыз. Түпнұсқадан аударғанымыз жеңіл болды, неге десеңіз, мысалы қазір түрік ағайындардың қолданбайтын сөздерін кездестірдік. Мәселен, Юнус Әміре «қашан?» деп жазады. Оны қазіргі түрік ағайындар қолданбайды, «не заман?» деп сұрайды. Ол біздің кәдімгі «қашан» деген сөз. Юнус Әміренің өлеңдері бізден мүлдем бөтен емес», - деді аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаев.
null  

Кітап редакторы ақын Кәдірбек Құныпияұлы аударма түпнұсқадан ауытқымағанын айтты.

«Юнус Әміре шығармаларын аудару осыдан 5-6 жыл бұрын басталған. Кітап баспаға жіберілер алдында, қазақша аудармамен қоса түрікше тұпнұсқасын берейік деген ұсыныс түсті. Бұл Түркияда бар тәжірибе - Абайдың, Мұқағалидің өлеңдерін осылай қазақша-түрікше шығарған. Осылайша, кітап көлемі алғашқыдан ұлғайып, 27 баспа табаққа дейін жетті. Аударма барысында түпнұсқадан мейілінше алыстамауға тырыстық. Юнус Әміре сопылық поэзияның ірі өкілі Қожа Ахмет Яссауидің ілімін жалғастырушы. Жырлары Яссауи хикметтерімен үндес», - деді Кәдірбек Құныпияұлы.

Кітапта Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы алғыссөз жазған. Кітап «Ан Арыс» баспасынан 1000 тиражбен жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар