Алматыда тұрғындарға қантты төмен бағада
2022 жылғы 12 тамыз 16:28

Алматыда тұрғындарға қантты төмен бағада "сатпақ" болған алаяққа сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының №2 Бостандық аудандық соты тұрғындарға қантты төмен бағамен сатып алуды ұсынып, алдап-соққан адамға қатысты үкім шығарды. Оның 3 жыл, 6 айға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, А. есімді азаматқа Қылмыстық кодекстың 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Биылғы жылдың сәуір айында А. есімді сотталушы сауда орталығына келіп, адамдарға арзан бағамен 17 қап қант сатып алуды, сатып алушыларды тауып, тауарларды сатуды ұсынған. Жәбірленушілер сотталушының қаскөйлік ниетіне күмән келтірмей, ұсынысымен келісіп, ақшаны оның шотына аударған. Ақшаны иемденген сотталушы қылмыс орнынан қашып, телефонын сөндіріп, қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Осылайша ол жәбірленушілерге жиыны 235 мың теңге материалдық залал келтірді»,-деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.

Қылмыстық кодекс бойынша мұндай қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сотта прокурор сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысы үшін өкінді.

Сот үкімімен А. есімді азамат алаяқтығы үшін кінәлі деп танылды. Ол 3 жыл 6 ай пробациялық бақылауда болады және 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке жегіледі.

Жәбірленушілердің азаматтық талабы толық қанағаттандырылды.

Жаза тағайындау кезінде сот кінәсін мойындау, өкіну, кәмелетке толмаған баланың асырауында болуы сияқты кінәні жеңілдететін жағдайларды ескерді.

Үкім заңды күшіне енді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT