Алматыда тұрғындардың көлемді қаражатын қолды еткен алаяқ ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда алаяқтықпен айналысқан азамат ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

44 жастағы Вячеслав алматылықтардың үйіне полиция қызметкері болып хабарласып, «қамауға түскен» жақындарының жағдайын жақсартуға көмектесемін деп ақша бопсалаған. Қала тұрғындарының бірі оның қолына 12 мың доллар ақшасын ұстатқан.

«Ол өзінің құрбандарынан әр кезде әрқалай, көбіне 100 мыңнан жоғары көлемде қаржы сұраған. Бұл факторлар халықтың кез-келген сөзге алданып қалатындығын, сақтық шараларының әлсіздігін көрсетеді. Егер ондай хабарлама түссе, тұрғындар телефон шалған адамның аты-жөнін, полиция бөлімшесін анықтап алып, қайта хабарласуын өтінуі керек. Содан соң ІІБ кезекші бөлімімен хабарласып, жоғарыдағы азаматтың полицияда жұмыс жасамайтындығына көз жеткізіп, күдікті қоңырау туралы айтулары керек. Осылайша, Алматы полициясы бірнеше телефон алаяғын ұстаған», - деді Әуезов аудандық полициясының бөлім бастығы Мұрат Қаспақбаев.

Қазір күдікті қамауға алынды, ол жасаған қылмысын мойындап отыр. Оның әрекетінен бес адам жапа шеккен.

Айта кету керек, Вячеслав осыған дейін екі рет алаяқтық әрекеті үшін істі болған.

Соңғы жаңалықтар