Алматыда түнгі клубтар мен кальян-барларда жүрген балалар ұсталды
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, инспекторлар кейбір жасөспірімдерді түнгі клубтардан, кальян-барлардан, базарлардан тапқан.
«Алатау аудандық ІІБ инспекторлары базарда қас қарайғанша жұмыс істеп жүрген жастарды тапты. Олардың көпшілігі сырттан келген. Балалардың ата-аналарымен әңгіме жүргізілді», - деді қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.
Қараусыз жүрген балалардың 300 ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Кальян-бар мен түнгі клубтарда ертең сабаққа баруы тиіс жасөспірімдер жүр. Олардың ешқайсысының қасында ата-анасы жоқ», - деді инспектор.
Сонымен қатар компьютерлік клубтардың 7 иесіне қатысты әкімшілік іс сотқа жіберілді.
Сонымен қатар жасөспірімдерге ішімдік сату деректері де анықталған.
«Алмалы ауданында азық-түлік дүкенінің сатушысы баланың жасын сұрамастан сыра сатқан. Дүкен қожайынына қатысты ҚР ӘқбК 200-бабының 1-тармағымен әкімшілік іс қозғалды», - деді Лейла Әліпбаева.
Осы тектес құқықбұзушылық үшін 7 адам әкімшілік жазаға тартылған.