Алматыда тұмаумен ауырғандардың саны 13 пайызға азайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Күн суыта кәріне мінетін тұмау ауруы биыл Қазақстан жұртшылығын біраз әбігерге салғаны рас. Ватсапп желісі бойынша тараған шошқа тұмауы туралы ақпарат та үрейді күшейте түсті.

Құзырлы органдар эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шошқа тұмауынан 1 адамның көз жұмғанын, 200 адамның осы дертті жұқтырғанын мәлімдеді. Алматы қаласындағы індет ахуалы жайлы қалалық Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әбдіжаббарова Қарлығаш айтып берді.

Қаладағы тұмаудың эпидемиологиялық ахуалы тұрақталды ма?

Қазіргі эпидмаусымда ДСҰ болжамына сәйкес А(Н1N1), А(H3N2), В типті вирус таралып жатыр. Қазір тұмау, жедел респираторлы жұқпа бойынша эпидемиялық ахуал тұрақты. Өткен аптамен салыстырғанда тұмаумен ауырушылардың саны 13 пайызға азайған.

Жыл басынан бері қанша жағдай лабораториялық зерттеу арқылы расталды?

Эпидмаусым басталғалы бері 158 адам тұмау жұқтырғаны расталды. Олардың 71-і балалар болса, 87-сі ересектер. Науқастардың барлығы дер кезінде қаралып, тұрақты ем алып жатыр. Олардың ахуалы қанағаттанарлық.

Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментімен вирустың алдын алу мен таралуын тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

Қалада індетке қарсы шаралар Денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының біріккен кешенді жоспарына сәйкес өткізіліп жатыр. Эпидемиологиялық маусым басталар алдында тұмауды ерте бастан анықтау мәселесі бойынша медициналық және білім беру саласының қызметкерлерімен біріккен семинар өткізілді. 2015 жылдың қазанында 165 мың адам екпе қабылдады. Бұл қала тұрғындарының 10,3%-ы деген сөз. Аталған көрсеткіш ДСҰ стандарттарына сай. Аурудың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда шектеулі іс-шаралар режімі енгізілді. Мектепке дейінгі мекемелерде таңертеңгі фильтр қызметі, санитарлық пост күшейтілді.

Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар