Алматыда тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар саны артты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өткен аптада Алматыда жіті респираторлық вирусты инфекцияның 13 804 жағдайы тіркелді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, мегаполисте 8860 бала ауырып жатыр, бұл жалпы науқастың 64,2 пайызы. Жалпы эпидемиологиялық маусымда Алматыда барлығы ЖРВИ- дің 343 417 жағдайы тіркелді.

«Жүргізілген зертханалық мониторинг барысында Алматыда маусымдық тұмау вирусының үш түрі, оның ішінде екі түрі А (A/H3N2, A/H1N1 pdm09) және В типі айналымда екені анықталды. Тұмау жұқтырып, онымен ауырғандар 2022 жылы қазан айының басында тіркелген. Сонымен қатар, РС вирусы, риновирус, бокавирус және маусымдық коронавирус сияқты тұмауға жатпайтын басқа да ЖРВИ вирустары айналымда бар», – дейді Әсел Қалықова.

Айтуынша, тұмаумен ауырғандардың саны - 240. Оның ішінде В типінің 119 түрі (49,6%), А/Н3N2 түрі – 3 жағдай (1,2%), А/H1N1-09 түрі – 118 жағдай (49,2%).

Сонымен қатар, эпидемиолог тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – дер кезінде вакинациядан өту екенін жеткізді.

«Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырауда, сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын эпидемияға дейінгі маусымда (қазан-қараша) тек сол жылы өндірілген вакцинамен бірге алу керек. Вакцинациядан кейін иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады және маусым бойы сақталады (1 жылға дейін). Қауіпсіз және тиімді вакциналар қолжетімді және 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді»,- деді ол.

Былтыр тәуекел тобындағы адамдарды вакциналау үшін жергілікті бюджет есебінен 210 000 доза көлемінде ресейлік өндірістің үш валентті тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған.

«2022 жылдың қыркүйегі мен қарашасы аралығындағы эпидемияға дейінгі маусымда қала бойынша барлығы 224 706 адам тұмауға қарсы егілді, бұл қала тұрғындарының 10,51% құрайды, оның ішінде «қауіпті топтағы» 210 000 адам егілді ( оның ішінде медицина қызметкерлері – 230 68, 14 жасқа дейінгі балалар – 41 337, жүкті әйелдер – 10 147, жабық мекемелер контингенті – қарттар мен балаларға арналған балалар үйлері, 2517 қызмет алушы, мектеп оқушылары – 21 075, созылмалы аурулары бар ересектер – 94 828). Жекеменшік медициналық орталықтарда жұмыс берушілер есебінен барлығы 10576 адам, өз қаражаты есебінен 4130 адам егілді»,- деп атап өтті департамент өкілі.

Әсел Қалықова вакцина салдырғандар арасында тұмау жұқтыру жағдайлары тіркелмегенін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар