Алматыда тұмау қаңтар-ақпан айында белең алуы мүмкін - дәрігерлер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық емдеу мекемелерінің өкілдері тұмау маусымына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда желтоқсан айының басынан бастап 2 135 балаға жедел респираторлы вирустық инфекция диагнозы қойылған. Олардың 68-і ауруханаға жатқызылды. 2 балада тұмау анықталды.

Дәрігерлер тұмау ауруының белең алуы қаңтар ақпан айларына келетінін айтты.

«Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жыл сайын жүзге жуық адам жатқызылады, олардың 30%-ы жұқпалы респираторлы вирустық ауру диагнозымен түседі. 2 адамда В тобындағы грипп және H1N1 тұмауы табылған. Қазіргі кезде ауа райына байланысты тұмау жұқпасы белең алып келеді. Бізде пациенттерді қабылдап, емдеп жазуға барлық жағдай жасалған. Бөлімшелерде дәрігерлер тәулік бойы қабылдау жүргізеді. Тұмаудың қарқыны қаңтар-ақпан айларында үдей түспек», - деді Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.

Мамандар тұмау ауруының алдын алу үшін карантин жариялауға қажеттілік жоқ деп санайды.

«Биыл карантин жоқ. Тұмау вирусы әрине, мутацияға ұшырап, өзгеріп жатыр. Бірақ, климаттық кезеңде агрессивті ағым байқалмайды. 2009 жылы бұл сырқат біраз адамның өмірін қиды. Биыл ондай ауыр көрініс жоқ. Айта кетерлігі, біздің ауруханалар барлық вирусқа қарсы дәрілермен толық қамтылған», - деді Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Отағанова.

Алматы әкімдігі тұмауға қарсы ресейлік өңдірушілерден 90 мың вакцина сатып алынды. Тегін вакцина жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттілігі бар адамдар мен жетімдерге салынады. Ал, жекеменшік клиникаларда вакцинаның құны 2 500 теңгеден басталады.

Соңғы жаңалықтар