Алматыда Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне мемориалды тақта орнатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін қазақтың белгілі ақыны, алғашқы әнұранның авторларының бірі Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне орнатылған мемориалды тақтаның салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Құрмет тақтасы Қабанбай көшесінің бойындағы 1979-2009 жылдары жазушының өзі тұрған үйінің қабырғасына орнатылды.

Тақтаның ашылу салтанатына қала әкімі Ахметжан Есімов, ақынның достары, ізбасарлары, отбасы мүшелері, ақын шығармаларын сүйіп тыңдайтын оқырмандары қатысты. «Тұмаш - қазақтың ұлы ақындарының бірі. Қазақ ұлттық лирикасын дамытып, жаңа арнаға салуда, кешегі кеңес режимі кезінде жүдеп-жадап қалған лириканы жаңадан қалпына келтіруде оның айрықша орны бар. Жанының тазалығы, біліктілігі, азаматтылық парасаттылығы барлығы Тұмашқа тән қасиеттер. Оның өлмегенінің белгісі мынау. Есімі тақтаға жазылып жатыр. Қала әкіміне үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді академик Серік Қирабаев. Ақынды еске алуға оның жақындары, жары Күлтай апа да келді. «Біз осы үйде 30 жыл бақытты өмір сүрдік. Ұлымызды үйлендіріп, қызымызды ұзаттық. Бұл үйді бізге Дінмұхамед Қонаев ағамыз сыйлаған еді. Тұмекеңді құрметтейтін, сыйлайтын жандардың ізгі ықыласына ризамын. Ол әрдайым есімізде жүреді», - Күлтай апа.

Соңғы жаңалықтар