Алматыда туған немересі ақша үшін атасын өлтірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда туған немересі ақша үшін атасын өлтірді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Қайғылы оқиға Медеу ауданында орын алды. Қаза болған қарияның шағын дүкені болған.

«14 сәуірде таңғы 05:30-да қариялардың үйіне 26 жастағы немересі ақша сұрап келген. Баласының мұндай қылығынан шаршаған қарттар балаға ұрсып салған. Сол кезде ашу үстінде немересі қарт адамды басынан балғамен ұрған. 77 жастағы қарт сол жерде көз жұмған. Жанжалға киліккен әжесі де ауыр соққы алды. Салдарынан қазір 73 жастағы әжей ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Күдікті екінші бөлмеде жатқан інішегіне тиіспеген», - деді С.Әзірбек.

Одан соң немересі үйден 300 мың теңге, 6 алтын бұйымды алып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Медеу аудандық ІІБ жедел іздестіру тобын құрып, қылмыстық іс қозғады.

Осы уақытқа дейін тергеу орындарынан жасырынып жүрген 26 жастағы азамат тонау мақсатымен шабуыл жасағаны үшін қазір уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар