Алматыда «Travel Express» инкассаторына шабуыл жасағандар сот үкімін жұмсартуды сұрауда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Travel Express» инкассаторына шабуылдап, однағыларды жер жастандырған үшеу сот үкімін жұмсартуды сұрауда. Бүгін Алматы қалалық аппеляциялық сотында «Travel Express» инкассаторларына шабуыл жасаған үш сотталушының түсірген аппеляциялық шағымы қаралды.

Олар өз кезегінде 1-ші инстанциядағы сот үкімін «қатал» деп тауып, жазаны жұмсартуды сұраған.

Естеріңізге сала кетейік, аталған дерек бойынша кінәлі деп танылған Хаваж Мұхадинов - 20 жылға, Андрей Танаков - 19 жылға, Сергей Авдяков 7 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Істің басты фигуранты - Х.Мұхадиновтың қорғаушысы Қайрат Дауылбаев судьяға айыптының мойнына артық айыптау (ҚР ҚК 24-96 бабы: адам өлтіруге қасақана ұмтылу) ілінгендігін айтып, алдыңғы үкімді жұмсартуды сұрады.

«Менің қорғауымдағы айыпталушы оқиға орнында қаза болған Олег Крыловты жазым еткенімен, жараланған Сивченконы өлтіруді жоспарламаған. Эскпертиза қорытындысына сәйкес, Сивченконың тәнінде Танаковтың қаруының гильзасы анықталды. Сондықтан, менің қорғауымдағы айыпталушының жазасын жеңілдетуіңізді сұраймын», - деді Қайрат Дауылбаев.

Сонымен қатар, адвокат Мұхадиновтың артында кәмелетке толмаған 3 жасар қызы қалғанын да сот үкімін жұмсартуға негіз болатын жайт деп тапты.

Танаковтың адвокаты Исабекова олардың мақсаты тек қорқыту болғанын, адам өлтіруді мақсат тұтпағанын айтып әрі ешкіммен өзара ауыз жаласпағанын алдыңға сот үкімін өзгертуді сұрады.

Қаруды сақтағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылған Сергей Авдяковтың қорғаушысы Елена Кубашева оның қорғалушысы тек Танаковтың танысы болғаны үшін әрі ол берген газ пистолетті сақтап жүргені үшін жазалы болғанын айтып, сот үкімін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ, оның айтуынша, денсаулығы нашарлап кеткен Авдяковқа қалған өмірін жазаны өтеу орындарында өткізу өте ауыр болмақ. Адвокат көрсеткен құжаттарға сәйкес, қазір ол туберкулез диспансерінде тіркеуде тұр екен.

Естеріңізге сала кетейік, 2003 жылдың 26 қыркүйегінде Хаваж Мұхадинов пен Андрей Танаков «Travel Express» компаниясының қомақты қаржы тасымалдап жүрген инкассаторларына қарулы шабуыл жасаған болатын. Аталған компания авиа, темір жол билеттерін сатумен айналысады. Қызметкерлердің бірі Олег Крылов оқиға орнында қаза болса, екіншісі А.Сивченко жараланып, ауруханаға түскен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Судья аталған дерек бойынша шешуші үкімді сәуірдің 25-інде шығаратын болды.

Соңғы жаңалықтар