Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда аса ірі көлемде есірткі тасымалдаумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хашысы Қуандық Ешімет хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, биылғы жылдың 4 ақпанында Худжаев пен Бостанов трансұлттық ұйымдасқан топқа қатыса отырып, аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында сақтау, иемдену, сондай-ақ оларды Кеден одағының кедендік шекарасынан және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан тасымалдауды жүзеге асырған.

2015 жылғы 4 ақпанда сағат 23:56 шамасында айыпталушылар салмағы 10 келі болатын героинді Қырғыз Республикасының «В 2595 Х» мемлекеттік нөмірлі халықаралық рейстегі автобусының шинасының қуысына жасырып өткен. Осылайша олар контрабандалық жүкті Бішкектен Жамбыл облысы, Мерке ауданының «КПП Сыпай Батыр авто» шекараны бақылау бөлімі арқылы Кеден одағының кедендік шекарасынан заңсыз өткізген.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ҚР ҚК-нің 297-бабы 4-бөлімімен, 264- бабы 2-бөлімімен, 286-бабы 4-бөлімімен көзделген қылмыстық әрекеттерді жасағандары үшін Худжаев пен Бостанов кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысы мүлкі тәркіленіп 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды.

Соңғы жаңалықтар