Алматыда трахея мен көмей стенозы бар балаларға алғаш рет ота жасалды

None
Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында трахея мен көмей стенозы бар балаларға алғаш рет ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, операция екі балаға жасалды. Операция Алматы әкімдігі мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткен «Салауатты ұрпақ» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының шеберлік сыныбы аясында жасалды.

Хирургиялық операция медицина ғылымдарының докторы, Ресей балалар хирургтары қауымдастығының президенті Александр Разумовскийдің қатысуымен жүргізілді.

Алғашқы операция жасалған 13 жастағы балада жол апаты салдарынан трахея стенозы диагнозы болған.


Ұзақ уақыт бойы науқастың өкпесі жасанды желдетуде болғандықтан трахеостомиясы бар аппаратта тыртық стенозы дамыған. Нәтижесінде науқас орталықтан шығарылған соң қайтадан сол диагнозбен ауруханаға түскен.

«Біз тыныс алу жолдарын қалпына келтіру үшін трахея стенозының аймағын үнемі сүмбілеуге мәжбүр болдық, бірақ сүмбілеу процесі бала үшін өте ауыр болды. Бұл мәселені тек хирургия институтында немесе шетел клиникаларында жүргізілетін хирургиялық араласу арқылы шешуге болады. Енді біздің хирургтар осы аурумен ауыратын балаларға операция жасай алады. Біздің орталық үшін бұл бірегей тәжірибе және үлкен жетістік. Профессор Разумовскийдің біздің мамандарға осы бірегей операцияларды көрсеткені үлкен мәртебе», - деді Алматы қаласының Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының бас дәрігері Әлібек Смағұлов.


Қазақстанның эндовидеохирургтар қауымдастығының президенті Владимир Котлобовский тағы 2 ота жасады. Олар: калий перманганаты кристалының күйіктері бар балаға лапароскопиялық холецистэктомия жасалса, бір кішкентай пациенттің кеуде қуысын түзетті. Сондай-ақ, профессорлар түрлі ауруы бар балаларға кеңес беріп, негізгі емдеу әдістерін ұсынды.

«Халықаралық конференция аясында «Балалар хирургиясындағы лапароскопияның заманауи мүмкіндіктері. Асқазан-ішек жолдарының, кеуде қуысының және медиастинаның эндоскопиялық операциялары» тақырыбында ресейлік және алматылық әріптестер эндоскопиялық балалар хирургиясының шешілмеген мәселелерін талқылады.

Мастер-класқа қатысу әлемдік деңгейдегі балалар хирургтарымен жанды ғылыми-практикалық қарым-қатынас жасаудың бірегей мүмкіндігі екені сөзсіз», - деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.




Соңғы жаңалықтар