Алматыда тозығы жеткен үйдің тұрғындары мәжбүрлі түрде шығарыла ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда апатты үйлер тұрғындардың 100% келісімімен бұзылады. Бұл туралы 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасының таныстырылымы барысында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалада 1930-1975 жылдар аралығында салынған апатты 1427 екі қабатты үй бар. Тозығы жеткен үйлердің ең көбі – Түрксіб ауданында. Мұнда 607 үйді қайта бұзып-салу көзделген.

Ескі үйлердің негізгі проблемалары: сейсмикалық, өрт қаупі, сондай-ақ инженерлік желілердің жоқтығы.

«Бұл үйлердің басым бөлігі ағаш-қамыстан салынған. Кірпіштен салынған үйлер - негізінен қаланың орталығында. Бүгінгі күні 708 апатты үйді ауыстыру қажет. Жеке инвестиция арқылы - 458 үй. Бүгінде оның 280-де жұмыс жүріп жатыр «, - деді Асқар Білісбеков.

Сонымен қатар, ол тозығы жеткен үйлер тек тұрғындардың өздері 100 пайыз келісім берген жағдайда ғана бұзылатындығын баса айтты.

«Егер, мысалы, тозығы жеткен үйлерде тұратын 10 тұрғынның 9-ы келісіп, біреуі бас тартса, онда бұзу болмайды. Мәжбүрлі түрде бұзу болмайды, ол тек тұрғындардың 100% келісімімен жүзеге асырылады», - деп қосты спикер.

Бағдарлама тетігі бойынша үй иесіне уақытша немесе тұрақты негізде пәтер беріледі. Тұрғындарды өз аудандарына ескі үйлердің орнына жаңа үй салынған кезде орала алады. Меншік иелерінің қоныс аударуы тұрғындардың санына қарамастан, пәтерлердің техникалық паспорттарына сәйкес « бір бөлмеге, бір бөлме» принципі бойынша жүзеге асырылады. Егер пәтер иесі шаршы метрді ұлғайтқысы келсе ақшасын төлейуі керек.

2012-2015 жылдарға арналған пилоттық бағдарлама бойынша Алматыда 56 тозығы жеткен үй сүріліп, 63 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Осы бағдарламаның арқасында 579 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.

Бұған дейін, 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында Алматыда 708 ескі үй бұзылып, 683 тұрғын үй салынатыны туралы жазған болатынбыз.

Бағдарламадағы ескі үйлердің тізімі апатты баспана тұрғындарының аудандық әкімдіктеріне жиі жүгінуі негізінде құрылды.

Бағдарламаның операторы - «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

Бағдарламада жүзеге асыру механизмінің екі нұсқасы қарастырылған:

- «Алматы» ӘКК және жеке инвестор жүзеге асыратын жобалар;

- мемлекеттік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын жобалар.


Соңғы жаңалықтар