Алматыда той кортежінен оқ атқан азамат 10 тәулікке қамалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда той кортежінен оқ жаудырған азамат әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.

«Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты В.Дионисяди есімді азаматты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 330,332-ші баптары бойынша айыпты деп тауып, 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар айыптыға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынып, қаруы тәркіленді», - деді Қ.Ешімет. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш азамат той кортежі құрамында кетіп бара жатқан «Тойота Лэнд Крузер» көлігінің терезесінен аспанға қарата 7 рет оқ атқан. Бұл көрініс қатарлас жолақта келе жатқан автокөліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Алматы қаласының ішкі істер департаменті 6 қыркүйек күні кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған бейнетаспаны сараптамадан өткізіп, тексеру жүргізген болатын. Алматы облысы Іле ауданының 26 жастағы тұрғыны кейін істеген ісін мойындады. Ол сол күні досының үйлену тойында болғанын және некелік шеру барысында өзінің ресми тіркелген газдық тапаншасынан оқсыз зарядталған патрондарды әуеге атқанын айтып ақталды.

Соңғы жаңалықтар