Алматыда Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Төле би көшесін батыс бағытта ұзарту жұмысының бірінші учаскесі Яссауи көшесінен басталып, Әшімов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. 22 жер телімі сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі, жобаның мемлекеттік сараптамадан өткенін мәлім етті.

«Бюджет қаржысына жер телімдері сатып алынды. Қазір Төле би көшесін батыс бағытта ұзарту жұмысы басталып кетті. Бірінші учаскесі Яссауи көшесінен басталып, Әшімов көшесіне дейінгі аралықты қамтымақ. Жобаны 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 270 жер телімінің 22 учаскесі сатып алынды», - деп жауап берді әкімдік ҚазАқпарат агенттігі жолдаған сауалға.

2020 жылы Алматы Мобилділік басқармасының тапсырысымен құрылыстың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Ол тұрғындардың назарына ұсынылып, қоғамдық тыңдаудан өтті.

Төле би көшесі жалпы 4,5 шақырымға ұзарады. Жоба екі учаскеге бөлінген: бірінші учаске Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін, ұзындығы 2,2 шақырым, екінші учаскесі Әшімов көшесінен басталып, қаланың шекарасына дейін созылады. Бұл аумақта ұзындығы 2,3 шақырым жол жасалмақ.

Сондай-ақ әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, биыл мамыр айының соңына дейін Әуезов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі ұзарту жұмыстары аяқталады. Оның ұзындығы 0,8 км, ені төрт жолақ болмақ.

Сонымен қатар, биыл Н.Тілендиев көшесі мен Солтүстік айналма жолы солтүстік бағытта Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартылады.

Жалпы 2030 жылға дейін Алматыда 38 көше ұзаратылады.

Сарапшылар жаңа көшелерді екі кезеңде салуды ұсынып отыр. Көшелердің бір бөлігі - 2025 жылға дейін, ал екіншісі - 2030 жылға дейін.


Соңғы жаңалықтар