Алматыда ТМД елдері қауіпсіздік органдарының отырысы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 45-отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Әзербайжан МҚҚ, Армения ҰҚҚ, Беларусь МҚК, Қазақстан ҰҚК, Қырғызстан МҰҚК, Ресей ФҚҚ, Тәжікстан МҰҚК және Өзбекстан МҚҚ басшылары бастаған делегациялар қатысты.

Одан басқа, шақырылған қонақ ретінде Әзербайжан, Қазақстан және Ресей Сыртқы барлау қызметтерінің, сондай-ақ ТМД Атқару комитеті мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің Террорға қарсы орталығының өкілдері қатысты.

Достастық елдері қауіпсіздік органдарының қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық және практикалық өзара іс-қимыл тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды.  

Халықаралық терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды.

Арнаулы қызметтер өкілдері ірі халықаралық іс-шаралар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жоспарлау және ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, оларды іске асыру бойынша нақты шаралар айқындалды.   

 

Соңғы жаңалықтар