Алматыда ТМД-да баламасы жоқ зауыт іске қосылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ТМД бойынша баламасы жоқ жоғары технологиялық жаңа зауыт салынды. Инженерлік жүйелерді қорғайтын өнім шығаратын кәсіпорын «Tokyo Rope Manufacturing» трансұлттық корпорациясына тиесілі. Қала әкімдігінен мәлім еткендей, құрылысы жапондық инвестиция есебінен жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек жоғары технологиялық зауыттың ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвестицияны тарту және республика аймағында инновациялық өндіріс құру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ашылғанын  атап өтті.  

Жаңа кәсіпорында бұрғылайтын анкерлер, аса төзімді металл арқандар, тау және карьерде қолданылатын болат торлар шығаратын және техникалық параметрі жағынан өте құнды жабдықтар орнатылған. Зауыттың қуаты жоғары - жылына 17 мың тоннадан астам болат өнімдерін шығарады.


«2016 жылы жобаның алғашқы фазасы жүзеге асып, «Tokyo Rope Almaty» зауытының өнімдері ТМД елдері мен Парсы шығанағында, соның ішінде Сауд Арабиясының ірі жобаларында қолданыла бастады. Бұл жабдықтар Есентай өзені жағалауының, Үлкен Алматы өзеніне дейінгі автожолдарды, Медеу-Шымбұлақ аспалы жолы мен «Мыңжылқы» платинасының беріктігін арттыруда пайдаланылды. Мен бүгінгі бірігіп атқарылған жұмыстың Қазақстанға  жапондық инвестицияның жаңа легінің  келуіне серпін беретіндігіне сенімдімін», - деді «Tokyo Rope Manufacturing» директорлар кеңесінің төрағасы Шигето Танака.

Жапондық компания 130-дан астам жыл бұрын құрылған және болат арқандарын шығаруда әлемдік жетекші кәсіпорын болып табылады. «Tokyo Rope» селге, тас, лай көшкіндеріне қарсы тұратын жабдықтар мен құрылғылар да шығарады. Жапон фирмасының болат арқандары әлемдегі 20 ірі көпірдің 12-сінің құрылысында қолданылған. Жапонияда шығатын әрбір төртінші автошинада Tokyo Rope өнімдері бар. Бұлардан өзге компания жедел лифтілер мен инженерлік қорғаныс өндірісі үшін жоғары сапалы арқандар шығарумен де танымал.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше,  Алматының индустриалды аймағында құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша  40-тан астам ірі отандық және шетелдік жобалар жүзеге асуда. Биылғы жылы 9 жаңа жоба енгізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар