Алматыда тергеу изоляторына түскен 77 адамның 53-і сол күні босатылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адам құқықтары жөніндегі хартия» қоғамдық қорының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматының тергеу изоляторына қанша адам жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«13 қаңтар күні үйлестіру кеңесі Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге 18-ші тергеу изоляторына және Алматыдағы уақытша ұстау изоляторына барды. Қазір ұлттық алдын алу тетігінің топтары басқа 11 өңірдегі арнайы мекемелер мен тергеу изоляторларына сапар шегуде. Алдағы күндері бұл топ тағы 5 өңірде болады. Қоғам белсенділері 34-тен астам мекемеге барып үлгерді», - деді Ж. Тұрмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мысалы, Алматыда 2022 жылдың 5 қаңтарынан 13 қаңтардың бірінші жартысына дейін 18-ші тергеу изоляторына 77 адам жеткізілген.

«Сол күні прокурордың наразылығы бойынша 53 адам тергеу изоляторынан босатылды. Дәрігерлер, соның ішінде №7 қалалық клиникалық аурухана мамандары ұсталғандарды тексерген және 68-іне диагноз қойып, тиісті ем тағайындап, ұсыныстар берген», - деді Жеміс Тұрмағамбетова.

Сондай-ақ спикер ұсталғандардың 90 пайызға жуығы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша – Ұрлық (мародерлік) үшін ұсталғанын атап өтті.

Бұған дейін Жеміс Тұрмағамбетова әкімшілік құқықбұзушылыққа кінәлілерді қамауға алудың орнына баламалы жазалау шараларын қолдануды ұсынған еді.


Соңғы жаңалықтар