Алматыда тау кластерін дамытудың шеберлік-жоспары бекітілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының айналасы мен оның агломерациясы аумағында тау кластерін дамытудың шеберлік-жоспары бекітілді. Жоспар 2030 жылға дейінгі уақытты қамтиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жобаны Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша Австрияның «Master Concept» компаниясы жасады.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес туризм саласын дамыту мақсатында өңірдің барлық тау локациялары, оның ішінде Түрген, Ақ бұлақ, Oi-Qaragai Lesnaya Skazka, Табаған, Бутаковка, Пионер, Көкжайлау, Шымбұлақ және Қаскелең қамтылатын болады.

«Master Concept» компаниясының бас директоры Гернот Ляйтнер Алматы өңірінің тау кластері үлкен туристік әлеуетке ие екендігін айтты.

Шеберлік-жоспар аясында 470 шақырым соқпақ жолды, 85 шақырым велосипед жолын, 45 шақырым атпен жүру бағытын, 250 шақырым шаңғы трассасын дамыту қарастырылған.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде Алматы облысы әкімдігінің басшылығымен бірге көшпелі жиын өткізіп, өңірдің барлық тау локацияларын қарап шықты.

Қала басшысы тау аумағында қожетімді спорттық-отбасылық курорт ұйымдастыру үшін «ЦСКА» тау-шаңғы базасын қаланың коммуналдық меншігіне беру жөнінде мәселені қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек Пионер, Oi-Qaragai Lesnaya Skazka тау курорттарына алып баратын қаламаңы тасымалын ұйымдастыруды тапсырды. Жаңа автобус бағыттары аптасына үш рет (жұма - сенбі - сексенбі) күндері 2-3 сағаттық интервалмен қатынайтын болады.

Айта кетерлігі, тау кластерін дамыту туралы шеберлік-жоспарды әзірлеуге Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, Іле-Алатау ұлттық паркі, «Қазақ туризм» және «Master Concept» компаниялары қатысты. Шеберлік-жоспардың тұжырымдамасын талқылау тобына мемлекеттік органдардың, туризм саласындағы халықаралық компаниялардың, қоғамдық қорлардың, туристік қауымдастықтардың, жоғары оқу орындарының, спорттық туризм федерациясының өкілдері енді.

Соңғы жаңалықтар