Алматыда тау беткейінде құрылыс жүргізуге тыйым салынды
2022 жылғы 20 маусым 16:26

Алматыда тау беткейінде құрылыс жүргізуге тыйым салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының көшкін жүру қаупі бар аумақтарында құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы Ерболат Досаев мәслихат отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тау беткейінің тіктігі 15 градустан артық болуы және инженерлік-геологиялық құрылымына қарай, аумақтың сейсмикалық деңгейінің жоғарылығы (мәселен, тереңдігі 20 метрден асатын сазды топырақ) көшкін жүру қаупін тудырады. Осыған байланысты, кез келген мақсаттағы ғимараттардың жаңа құрылысына тыйым салынады», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, ол 2017 жылы тоқтап қалған қала құрылысы кеңесі 1 тамыздан бастап жаңа форматта қайта жұмыс істейтінін айтты.

«Тәуелсіз сарапшыларды тарту және қала құрылысы бойынша шешімдер қабылдауда олардың рөлін арттыру көзделеді. Бұл үшін біз құрылыс салушыларға қойылатын міндетті талаптарды және жобаларды қоғамдық талқылаудан өткізу, сондай-ақ орналасқан жеріне қарамастан, 5 қабаттан асатын барлық ғимараттар мен құрылыстар үшін қала құрылысы кеңесінің оң қорытындысын алу шарттарын бекітуді ұсынамыз», - деді Алматы әкімі.

Қала депутаттары әкім ұсынған жаңа нормаларды бірауыздан қолдады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT