Алматыда тау басында қиын жағдайда қалған екі турист құтқарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Мыңжылқы тауынан екі туристі түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2 маусым күні республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші пультіне Мыңжылқы тауында қиын жағдайда қалған адамдар туралы ақпарат түсті. Белгілі болғанындай, туристер Бастионға қарама-қарсы жартасқа көтеріліп өздігінен төмен түсе алмай қалған.

« Оқиға орнына жедел құтқару тобы аттанды. Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары шапшаңдығы мен кәcіби шеберлігінің арқасында зардап шеккендерді тез арада іздеп тапты. Олар 50 градус еңістегі жартаста шамамен 3500 метр биіктікте болған. Сондай-ақ, оқиға орнына Алматы қаласының құтқару қызметінің қызметкерлері де келді»,- деп хабарлады Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметі.

Ол жаққа жету оңай болмады. Жартастардан су ағып, үлкен тастар төменге қарай домалады. Сондай-ақ кей жерлерде қар мен мұз жатты.

«Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары альпинистік техниканы қолданып, барлық кедергілерді еңсере отырып, жастарды төмен түсірді»,- деп атап өтті ведомствадан.

Құтқарылған қыз бен жігіт Шығыс Қазақстан облысынан. Екеуі де қатты шаршаған әрі киімдері де мұндай бағытқа арналмаған.


Соңғы жаңалықтар