Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер шығынды қалай растай алады
2022 жылғы 25 ақпан 15:59

Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер шығынды қалай растай алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кейбір кәсіпкерлер келтірілген шығынды растай алмай отыр. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, шығынды өтеу рәсімі барысында растайтын құжаттары жоқ көптеген кәсіпкерлерде сұрақтар туындаған.

«Қазір бізде тауардың бар екенін растайтын ұрланған құжаттармен туындаған жағдайды шешу бойынша қандай да бір ұсыныстар жоқ. Біз бұл мәселені кәсіби аудиторлардың, бухгалтерлердің, заңгерлердің, тергеу органдарының қатысуымен зерттеп жатырмыз және Үкіметке ұсыныстар енгізуге дайынбыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер шығын сомасын екі тәсілмен растай алады: яғни салық органдарында бар айналымдардан есептеу немесе сот сараптамасын жүргізу арқылы», - деп түсіндірді Айтуар Қошмамбетов.

Өтінім берген кезде келтірілген залалға байланысты кәсіпкер жеңілдетілген тетік бойынша (яғни сот сараптамасын жүргізбестен) өтеудің бір немесе бірнеше санатын (жылжымайтын, жылжымалы мүлік, тауарлық-материалдық құндылықтар) таңдауға тиіс.

Өтем сомасын есептеу рәсімімен келіспеген жағдайда өтініш беруші қылмыстық іс жүргізу кодексі шеңберінде сот сараптамасының қорытындыларын қоса бере отырып жүгінуге құқылы.

Сонымен қатар, ол зардап шеккен бизнесті орналастыру үшін алаңдар бөлінгенін айтты. Мысалы, «Байзақ» бизнес-орталығы 10 кеңсе орнын, Fifty four коворкинг-орталығы 50 жұмыс орнын, «Qaynar Bulaq – Алматының қайнау көзі» коворкинг-орталығы 15 жұмыс орнын ұсынды.

Бұдан басқа, «Наркостоп» жобасының еріктілері мен «Света вокруг Света» оқу орталығы зардап шеккен екі орын мен қала әкімдігін тазалауды ұйымдастырды.

«ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығы ШОБ зардап шеккендерге корпустық жиһаз дайындауға көмек көрсетті. ҚР Сәулетшілер, дизайнерлер және құрылыс индустриясының өзге де кәсіби қатысушылары қауымдастығының мүшелері екі кәсіпкерге арналған жұмсақ жиһаз дайындауға тегін көмек көрсетті. Өз кезегінде «КӨМЕК-Астана» ЖШС медициналық мекеме қызметкерлеріне өзіндік құнынан төмен бағамен 1583 костюм дайындап берді. Тағы бір «Ар Шона» кәсіпорны терезелерді қалпына келтіру үшін қаражат бөлді. Алматылық бизнесмендердің бірі екі кәсіпкерге 500 мың теңге көмек көрсетті»,- дейді спикер.

Қаңтардағы оқиғалардың нәтижесінде Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдері миллиардтаған шығынға ұшырағаны белгілі.

«Үкімет алдында ел экономикасын тұрақтандыру міндеті тұр. Әсіресе, Алматыдағы күрделі жағдай, онда бүгінгі күні өтініштердің жартысы қаралды. 10 наурызға дейін ШОБ өтінімдерінің 90%-ын қанағаттандыру жоспарланып отыр. Жақын арада Алматының іскерлік ортасы қалпына келетініне сенімдімін»,- деді ол.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT