Алматыда тарихи тұлға - Ер Жәнібек жайлы бірнеше туынды жарық көрді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысында қол бастаған қаһарман батырлардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай бірнеше туындының таныстырылымы өтті.

Оқырман қауым назарына Моңғолиядағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы, 700 беттік «Ер Жәнібек - 300 жыл» анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинақ, «Керейде батыр Жәнібек» аудиобейне жинағы ұсынылды. Ер Жәнібек - Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жаңатай, Өтеген, Райымбек, Баян баһадүрлермен үзеңгілес тұлға. Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде халық жадында сақталған. Қазақ ауыз әдебиеті мұраларында ол жайлы деректер мол кездеседі. Ер Жәнібектің өмірі мен ерлігі жайында ел аузында бірнеше толғау, дастандар мен аңыз-әфсаналар сақталған. Солардың ең көлемдісі - Қытай қазақтарының рухани көсемі Ақыт қажы Үлімжіұлының "Жәнібек батыр" дастаны. Дастанда айтылған жыр толғаулар жаңа дискіге арқау болды. «Осы дастанда айтылған жыр-толғауларды қазіргі қазақ жыршылары Елмұра Жаңабергенова, Жылбек Тоқтасынов, Рысбек Әшімовтің орындауында қайта жаңғыртып, 1,5 сағаттық диск шығардық. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын-жыршы Баянғали Әлімжанның «Жәнібектің көңілі мен көк дөнені» атты жарты сағаттық толғауы мен Ер Жәнібек туралы деректі фильмнен тұратын антологиялық жинақ дүниеге келді. Оның жарық көруіне "Жәдігер" дәстүрлі өнер клубы" Қоғамдық Қоры демеуші болды», - деді қордың басшысы, ҚР мәдениет қайраткері Базарбек Атығай. Ал батырдың өмірі мен ерлігінен сыр шертетін ғылыми еңбектің жарық көруіне «Ер Жәнібек» халықаралық қоры демеушілік еткен. Таныстырылым шарасынан кейін RIXOS-Almaty қонақ үйінің банкет залында батырдың аруағына арналып құран бағышталып, ас берілді.

Соңғы жаңалықтар