Алматыда тарихи орталықтың шекарасы белгіленді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда нүктелі құрылысқа жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың шекарасы белгіленді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматы қаласының тарихи орталығының шекарасын белгілеу мәселелері басқарманың ерекше бақылауында.

«Нүктелі құрылыс салуға жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың шекарасы белгіленді, оның шегінде мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға және сатып алуға жататын 7 учаске анықталды. Олардың орнында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта 4 жер учаскесі сатып алынды», - дейді Ардақ Самамбетов.

Сонымен қатар, ол емхана салу мақсатында Левитан көшесінің оңтүстігінен, Гагарин даңғылының батысынан жер учаскесі тәркіленгенін атап өтті.

«Сонымен қатар, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай және Сырғабеков көшесінің шығысына қарай 500 келушіге арналған емхана салу үшін 1,3 гектар жер телімі бөлінді. Шығыс айналма жолы, әл-Фараби даңғылы, Саин көшесі, Жандосов көшесінің оңтүстігіне қарай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін бөлуге және тау бөктерінде аз қабатты үйлер салуға тыйым салынады», - дейді ол.

Брифинг барысында мемлекеттік жер қорын ұлғайту мақсатында жалпы ауданы 19,54 гектар 22 жер учаскесі резервке қойылғаны белгілі болды.

«2022 жылдың соңына дейін Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында көлік айырығын салу, сондай-ақ Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту және Абай даңғылын қала шекарасына дейін созу (Абай саяжайлары) жобасы бойынша жер телімдерін сатып алуды аяқтау жоспарлануда»,- дейді басқарма басшысы.

Ал, 2023 жылы Медеу ауданында Рысқұлов даңғылы бойындағы айналмалы эстакада құрылысына, Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін Төле би көшесін ұзартуға, Ф. Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін Рысқұлов даңғылын ұзарту үшін, Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін Жұбанов көшесін ұзартуға және «Қалқаман» станциясы бойынша жер телімдерін сатып алуды аяқтау көзделген.


Соңғы жаңалықтар