Алматыда такси жүргізушісін жаралаған жігіт сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жолақысын төлегісі келмей такси жүргізушісін атқан жігіт сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық істі Медеу аудандық сотының судьясы Фаррух Омаров қарады.

Іс материалдарына сәйкес, 36 жастағы ер адам досымен бірге Сейфуллин көшесінде такси тоқтатқан. Діттеген жерге жеткен соң екі жолаушы түсіп кете берген. Онымен қоймай соңдарынан жолақысын талап еткен такси жүргізушісіне қарата травматикалық тапаншадан оқ атқан.

Куәгерлердің айтуынша, атылған оқтардың бірі көлік жүргізушісінің  бетіне тисе, қалғандары тұрақта тұрған көліктердің терезесін сындырған.

Көшеге жүгіріп шыққан адамдардың қарасы көбейген соң 36 жастағы жігіт сол жерден тұра қашқан.

Кейін белгілі болғандай, такси жүргізушісінің көзінің асты тұсындағы бет сүйегі, кеңсірік қуысы жараланған. Бұл әрекеті үшін күдікті жапа шеккен жігіттен кешірім сұрап, айыбын өтеген.

Судья Фаррух Омаров сотталушыны ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлімімен, 107-бабының 1-бөлімімен,  293-бабының 3-бөлімімен қарастырылған қылмыста айыпты деп танып, түпкілікті түрде 3 жыл 9 ай 23 күнге бас бостандығын шектеу туралы шешім шығарды.

Ер адам сот залынан  ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Соңғы жаңалықтар