Алматыда такси жүргізушісі қару жасырған ер адамды анықтауға көмектесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда такси жүргізушісі полицияға қару жасырған ер адамды анықтауға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М. Әуезов аудандық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, И. есімді ер адам жаппай тәртіпсіздік пен басқа да заңсыз әрекеттерге белсенді қатысқан, сонымен қатар ірі қару дүкенін тонап, одан 10 патроны бар «BrowntnG» тегіс ұңғылы мылтығын ұрлап кеткен.

Күдікті мылтықты бесінші ықшам аудандағы ауланың бірінің қоқыс жәшігіне тығып қойған.

Бірнеше күннен кейін күдікті таксиге отырып, мылтық жасырынған жерге келген. Көлік жүргізушісі жолаушының теледидар жәшігіне қару жасырып жүргенін байқап, полицияға хабар берді.

Тұтқындау кезінде И.есімді ер адам әскери киімде болған. Оны қайдан алғанын тергеу анықтайтын болады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы қаласының комендатурасы қамқор тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы және қалада құқықтық тәртіпті орнатуға көмектескені үшін алғысын білдіреді.


Соңғы жаңалықтар