Алматыда тағы бір емхана вакцинация паспортын сатқаны туралы ақпарат тарады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тағы бір емхана қызметкерлері вакцинация паспортын сатып келгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, № 4 қалалық емханада медицина қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталды. Медицина мамандары вакциналау туралы жалған паспорттар сатқан. Олардың құны 15 мың теңге тұратыны туралы болжам бар.

«Медицина қызметкерлері, соның ішінде бас дәрігерлердің мұндай әрекеті жаппай вакцинация процесін бәсеңдетеді. Себебі бұл жағдайда дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныс құралдарын және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жоспарлау бөлігінде статистика өзгереді. Бұл стратегияның кемшіліктеріне әкеледі. Ол қазірдің өзінде саяси мәселе. Вакциналарды сатып алуға бюджеттен көп қаржы бөлінеді. Бұлай паспорт сатылатын болса, салық төлеушілердің ақшасы босқа кетеді. Бұл Алматыдағы бірінші жағдай емес екенін ескере отырып, мұндай жағдайлардың ауқымы мен жиілігіне болжам жасауға болады», - делінген жазбада.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті медицина қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын хабарлады.

«№ 4 емхананының медицина қызметкерлерінің жалған вакцинация паспортын сату фактісі бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді», - деп хабарлады Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұған дейін Алматыда вакцинациядан өткені туралы электрондық паспорт сатылғаны туралы ақпаратқа орай тағы бір емдеу мекемесінде тексеріс басталған болатын.




Соңғы жаңалықтар