Алматыда сыртқы және ішкі туризмді дамытудың жобасы таныстырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен жиын барысында сыртқы және ішкі туризмді дамыту бағдарламасының жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алакөл ауданына барғанда 2025 жылға дейінгі туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауды тапсырған болатын.

Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі заң жобасын жасауды бастады. Құжат ашық түрде талқылауға шығарылды. Қазір оған қатысты 300-ден астам ұсыныс берілген. Сондай-ақ, туристік бизнес саласының субьектілерімен 40-тан астам кездесу өткізілген.

Дәл қазір заң жобасы мемлекеттік органдардың қарауында жатыр.

Аталған құжат ең алдымен туристік территорияларды белгілеу, визалық режімді жеңілдету, электронды визаны енгізу, авиабилет бағасын арзандату, туризм саласындағы ұлттық операторды анықтау және оның мәртебесін айқындауға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның негізіне 10 туристік орын: Алакөл, Алматы облысындағы тау шаңғысы курорты, Баянауыл, Балқаш, Каспий теңізі, Шалқар-Имантау аймағы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы енген.

Аталған аймақтарға жылына 3,5 млн турист келеді. Жаңа заң жобасы қабылданған жағдайда бұл санды 13,5 млн-ға жеткізу міндеті қойылды.

Алайда, туристік сала сарапшылары жоғарыда айтылған шаралардың мемлекеттік органдар тарапынан қолдауға ие болатынына толық сенбей отыр.

ҚР МСМ вице-министрі Ерлан Қожағапанов жиналғандарға мемлекеттік органдардың позициясын жеткізуге тырысты.

«Қазақстанда туризм саласына ұзақ мерзімді несие немесе демеуқаржыға бірнеше вариант бар. Олардың бірі ретінде «Бизнестің жол картасын» айтуға болады. Осы мәселені ҚР Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар мен даму министрлігімен талқылап жатырмыз. Туристік саланың ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, көлік салаларынан маңыздылығы кем емес. Бұл сала ел бюджетіне салық төлеп, ақша әкелетін сала. Авиабилеттерді арзандату бойынша ҚР ИДМ-мен жұмыс жасап жатырмыз. Әлемде kids go free деген жоба бар. Туристік маусымнан тыс кезде адамдар 12 жасқа дейінгі балаларын тегін алып жүре алады. Құжатқа осының бәрін кіргіздік. Авиабилеттердің бағасы керосин құнына тікелей байланысты. Франкфуртта керосин бағасы 600-700 АҚШ доллары болса, бізде 1 000 АҚШ доллары шамасында. ҚР Үкіметі осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Біз қалай отандық керосин өндірісін алға қоямыз, солай авиабилеттер арзандайды», - деді Ерлан Қожағапанов.null 

Ал электронды визаға қатысты сұрақты шешу үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен ҚР ҰҚК, ІІМ біріге жұмыс жасап жатыр.

Соңғы жаңалықтар