Алматыда сыршыл ақын Сырбай Мәуленовті еске алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жазушылар үйінде Қазақстанның халық жазушысы, ақын Сырбай Мәуленовті еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың айтуынша, естелік кеші  ақынның соңында қалған тұяғы  Қасым Сырбайұлының бастамасымен қолға алынған екен.

«Ұлы Отан соғысына қатысқан,  Ленинградтағы Волхов майданында қарумен де, қаламмен де күресіп,  қайрат көрсеткен. Өзі өмір сүрген заманда кең байтақ Қазақстанның түкпір- түкпірін жырға қосып, сыршыл лирикасын жазып кеткен ақын. Сонымен  қатар орыстың ұлы ақындары Пушкин,  Лермонтов, Блоктың өлеңдерін аударуға үлес қосқан. Ол кісінің өлеңдері  ерекше сыршыл лиризмімен баурайды»,- деді Бауыржан Жақып.

Сырбай Мәуленов  әлем классиктері шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Соңына 40-қа жуық кітап қалдырған. Оның  мұрасы  ұрпақтар жадынан өшпек емес.

 ««Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті » газетінің бас редакторы болған.  Сол тұста журнал таралымы 200 мың данаға дейін жеткен. Мұндай біздің баспасөз тарихында болмаған. Оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұмытылмайды.  Осынау тұлғаны есте ұстау біздің, қалам ұстап жүрген буынның мойнындағы парызы деп білемін»,-деді  Бауыржан Жақып.

Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Торғай даласында дүниеге келген. Көлік апатына ұшырағаннан кейін денсаулығы  жиі сыр беріп , 70-тен асқан шағында дүниеден озды.

 

Соңғы жаңалықтар