Алматыда «Сыншылар таңдауы-2018» киножүлдесі табысталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы отандық кинематографияның 2017 жылғы үздіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыншылар таңдауы-2018» жүлдесін тапсыру салтанаты Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтті. Үздіктер 13 номинация бойынша марапатталды.

Қауымдастық президенті Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, «Ең үздік фильм (комедия/шытырман/экшн жанры)» аталымында жеңімпазды анықтау қиынға соққан. Киносыншылар «Арман», «Бөлінбейтін», «Келін де адам баласы», «Қазақша кәсіп Америкада» фильмдері арасында ең үздікті анықтауда ұзақ пікірталасқан. Нәтижесінде, режиссер Рашид Сүлейменовтің «Арман» картинасы екі дауыс айырмашылықпен жеңіске жетті.

Фильмнің продюсерлері - Гүлзира Айдарбек пен Рая Адығанова. Басты рөлдерді әнші Қайрат Нұртас пен оның жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова ойнады. Жұлдыз сондай-ақ «Ең үздік әйел рөлі» номинасын жеңіп алды.

Ал «Үздік драма» аталымы бойынша жүлде «Оралман» фильміне (режиссері - Сәбит Құрманбеков) тапсырылды. Айта кетейік, туынды бірнеше халықаралық кинофестивальдарда үздік танылған болатын.

Режиссерлар мен продюсерлерге «Сыншылар таңдауы-2018» жүлдесіне ие болуы үшін өтінім берудің қажеті жоқ. Киносыншылар отандық прокатқа шыққан немесе жалпы қоғам назарына ұсынылған фильмдерді өздері саралап, жүлделерді 13 номинация бойынша үлестіреді.

Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы 2014 жылы құрылған.

«Үздік драма»
«Оралман» - Тәңірберген Қажиев, Ержан Ахметов

«Ең үздік фильм (комедия/шытырман/экшн жанры)»
«Арман - продюсері Гүлзира Айдарбек, Рая Адығанова

«Үздік режиссер»
Серік Апрымов - «Әкеге қоңырау шалу»

«Үздік сценарий» 
«Ластанған үлкен шаһар»- Нариман Төребаев, Талғат Шағамбаев

«Үздік операторлық жұмыс»
«Ол» - Азамат Дулатов

«Үздік суретші-қоюшы жұмысы»
«Оралман» - Рүстем Одинаев

«Үздік ер адам рөлі»
Дулыға Ақмолда - «Оралман»

«Үздік әйел рөлі»
Жұлдыз Әбдікәрімова - «Арман»

«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі»
Ерболат Оспанқұлов - «Әкеге қоңырау шалу»

«Екінші пландағы үздік әйел рөлі»
Данагүл Темірсұлтанова  - «Келін де адам баласы»

«Үздік ән»
91 «Mooz» - «91» фильміне OST

«Фильмге үздік ән»
Әбілқайыр Жарасқан - «Бөлінбейтін»

«Үздік қысқаметражды фильм»
«Самал» - Шұғыла Сержан

 

 

Соңғы жаңалықтар