Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің республикалық штабы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық үгіт-насихат штабы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ортақ міндет - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырды. Заманауи мемлекеттік аппарат азаматтармен өзара әрекеттесудің жаңа тәсілдерін ашып, процестер алгоритмдерін азайтып, жұмыс сапасын жақсартуы керек.

«Қараша айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды. Штабтың мақсаты — халықпен сындарлы диалог құру, кең ақпарат тарату арқылы адалдық қағидаттарын дамыту» делінген әкімдік хабарламасында.

Штаб тұрғындардың әртүрлі топтары үшін түрлі тәсілдерді қолдана отырып, ақпараттық-насихаттау жиналыстарын өткізеді. Қазір ақпараттық-насихаттау штабы еліміздің барлық облыстарында жұмыс істей бастады. Бұл үгіт-насихат штабының басты мақсаты – тұрмыстық жемқорлықпен күресу.

27 қарашада Республикалық штаб өзінің ағартушылық қызметін Алматыда бастады.

Штаб өкілдері – режиссер Ермек Тұрсынов, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі Арман Бердалин қаланың бірқатар жоғары оқу орындарында болып, Алматы қаласы әкімдігі мен полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қатар штаб өкілдері аймақтық ақпараттық штаб мүшелерімен жүздесті.

«Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ мемлекет құрудағы азаматтық қоғамның күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді», - деді кездесу барысында штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада.

Соңғы жаңалықтар