Алматыда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплинінде спорт кешені ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев спорт кешенінен, бейімдеу орталығынан және жабық жүзу бассейнінен тұратын екінші кезектегі «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиніне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорт кешені 6 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан. Ол әртүрлі спорт бағыты бойынша ауқымды шараларға арналған: еркін, грек-рим және әйелдер күресі, казак күресі, бокс, дзюдо, таэквондо, мини-футбол, волейбол, баскетбол, гандбол және тағы басқалары.

Спорт кешені 1285 орынға есептелген (658 стационарлық отыратын орын, жылжымалы мінбелерде – 627 орын). Спорт алаңының көлемі – 22х42 метр, төбесінің биіктігі – 12 метр.

Кешен жаттығу үшін спорттық керек-жарақтармен толық жабдықталған. Паркет жүйесіне ерекше назар аударылады, арнайы жабын спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

7 жолға арналған 25х16 метрлік жабық жүзу бассейні түрлі су спорт түрлері бойынша ірі, соның ішінде халықаралық жарыстарды өткізе алады.

Сондай-ақ орталықта сауықтыру және демалу үшін үй-жайлар, душ, массаж кабинеті, киім шешетін бөлмелер, медициналық кабинет, сауна және жаттықтырушы бөлмелері қарастырылған. БАҚ үшін комментаторлар бөлмесі және паркинг бар.

Бейімдеу-жаттығу орталығында іс-шараларды өткізу үшін толық жабдықталған 108 бөлме, үш заманауи конференц-зал бар. 500 орынға арналған кафе, бассейні бар ашық жазғы алаң қарастырылған.

Жобаға 7,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Almaty Business 2025 кәсіпкерлікті дамыту өңірлік бағдарламасы аясында спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға 84 айға жылдық 6%-бен 500 млн теңге сомасында жеңілдікті несие берілді.

Осы жобаны қаржыландыру аясында аутизмі бар балаларды бассейнде нұсқаушымен тегін жаттықтыру мүмкіндігі қамтамасыз етілді.


Соңғы жаңалықтар