Алматыда Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі қайраткерімен қоштасуға мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, оның жақындары мен достары жиналды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаралы жиында Мемлекет басшысының жеделхатын оқып берді және алматылықтардың атынан көңіл айтты.

«Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралған соң түрлі жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Білікті басшы және іскер ұйымдастырушы ретінде республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы Сауда министрі және Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып, өзі басшылық жасаған салалардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді.

Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, тәуелсіз елімізде халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне әрдайым атсалысты.

Елі мен халқын сүйген абзал жанның әрі абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын», - делінген жеделхатта.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбегі сіңірген экономисі Сәбит Жаданов өз сөзінде бұл - барша қазақстандықтар үшін орны толмас қаза екенін атап өтті.

«Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Біз - оның әріптестері мен достары ауыр қазаға қайғыра отырып, көңіл айтамыз. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктесі болды. Жиенбаев туралы әңгіме қозғалғанда өмірдің қиын кезеңдері - индустриаландыруды, ұжымдастыруды, аштықты, Ұлы Отан соғысын бастан өткерген, халық шаруашылығын қалпына келтірген аға ұрпақтың өшпес ерлігін еске аламыз. Олар қажымады, қиындыққа қасқая қарап, жеңіске жетті. Біз сол үшін аға ұрпаққа рахмет айтып, басымызды иеміз. Осыдан 100 жыл бұрын Қазақстан қандай еді. Шеге, шаруаға қажетті тауарлар, керосин сырттан әкелінетін. Ал бүгінгі Қазақстан индустриалды, агралы ел ғана емес, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ұмтылуда. БҰҰ-ның мүшесі, ел болашағы орасан зор» - деп атап өтті С.Жаданов.

Сұлтан Жиенбаевтың ұлы - Рустам отбасы атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғыс білдірді.

«Әкеміз туралы жазылған жылы сөздерге шексіз ризамыз. Нұрсұлтан Назарбаевқа айтарымыз тек қана алғыс. Олар жақын дос әрі серіктес болды. ҚР Президентінің жеделхатындағы жүрекжарды сөздер әкемнің сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға болып табылады. Сөзімді осыдан үш ай бұрын дүниеден өткен анамның «Сенің өмірде болғаның үшін рахмет» деген сөздерімен аяқтағым келеді», - деді ол.

Сұлтан Жиенбаев - мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, құрметті теміржолшы. 1921 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орынбасарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматыдағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қазақстат басқармасында қызмет істейді.

1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадасының атқыштар ротасына старшина болып тағайындалады, кейін взвод командирі болады. 100-ші дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы қарашада Калинин майданында 39-шы армия құрамында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді, сол ұрыста Сұлтан айрықша ерлік үлгісін көрсетеді. 1944-1950 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы жұмысшы жабдықтау басқармасы жүйесінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. 1962 жылы Сұлтан Жиенбаев республиканың Сауда министрі болып тағайындалады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлейменұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды. 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қоса республиканың Қарулы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты.

null

Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ескертіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды. Сұлтан Жиенбаевтың жеке бастамасымен және ғылыми, мәдени және қоғамдық мекемелердің тілектерін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұхаммед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бірінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, қазіргі таңда ол Қордың құрметті президенті болып қызмет атқарады.

Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.

Елбасы С. Жиенбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет және қоғам қайраткері «Кеңсай» зиратына жерленді.

Соңғы жаңалықтар