Алматыда судья К. Өтемісованың ісін қарау ертең жалғасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда судья Өтемісованың ісін қарау ертең жалғасатын болды. Сот отырысы сағат 14:30-да басталады. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің маманы Қуандық Ешімет айтты.

«Әзірге соттың қандай шешім шығарғаны жайлы ақпарат түскен жоқ. Бүгін 14.30-да басталған сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Алматы қалалық сотының кеңсе басшысының айтуынша, судья Өтемісованың ісін қарау ертең де жалғасатын болады», - деді ол.

Қазіргі таңда қамауда отырған судья Күлпаш Өтемісова ҚР ҚК 350-бабының 2-тармағы бойынша (көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару) айыпталып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы 28 наурызда алматылық кәсіпкер А. Сутягинский қаруды заңсыз сақтап, адам өлтіруді ұйымдастырғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

2013 жылдың 12 тамызында айыпталушының жазасы 6 жыл шартты түрге жұмсартылған еді. Осы істе апелляциялық соттың судьясы ретінде Күлпаш Өтемісова төрелік еткен. Кейіннен кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қалпына келтірді.

Көп ұзамай 2013 жылы 6 қыркүйекте істі жүргізген К. Өтемісова ұсталған еді.

Ендігі кезекте судья Күлпаш Өтемісова көрінеу әділетсіз сот үкімін шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Соңғы жаңалықтар