Алматыда студенттерге біреудің пәтерін жалға берген алаяқ ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда өзін пәтердің иесі ретінде таныстырып, студенттердің ақшасын иемденіп кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полициясы мәліметіне сәйкес, 27 жастағы күдікті Маңғыстау облысының тумасы, бұрында алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

«Ұсталған күдікті, өзінің құрбандарын жалдамалы пәтер іздейтін жарнама сайттар арқылы тауып отырған. Көбіне нысанаға студенттерді алған. Ол пәтер іздеушілерге, қалада ұзақ уақыт жалға бере алатын пәтері бар екенін айтқан. Негізінде күдіктінің өзі пәтерді бірнеше сағатқа немесе бір тәулікке жалдап, студенттерді шақырып көрсеткен. Пәтердің тез табылғанына қуанған жастар бірнеше айға алдын ала төлем жасап, жалға алған үйлеріне қоныстанады. Алайда, студенттердің қуанышы пәтердің нағыз иесі келгенде су сепкендей басылған. Орта есеппен алаяқ пәтер үшін шамамен 100-120 мың алып отырған. Оның барлық құрбандары тек студенттер, негізінен 18-19 жас аралығындағы жастар. Ол тіпті жерлестерін де алдады»,- дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат осыған ұқсас 15 қылмыс жасады деген күдікпен Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚРҚК 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде.



Соңғы жаңалықтар