Алматыда студенттер мен зейнеткерлерге жол жүру картасы 1 желтоқсанға дейін тегін таратылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1 қазаннан бастап, қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу жүйесі ауыстырылады. Жолаушылар құны 320 теңге болатын жол жүру картасын сатып алуға тиіс. Ал, жеңілдік қарастырылған азаматтар картаны 1 желтоқсанға дейін тегін алады. Бұл туралы бүгін «Алматы транспорт холдингі» компаниясының акционері Ильфат Абдураманов айтты.

«Осындай қиын сәттерде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандарды қолдау туралы сіздің (Алматы қаласының әкімі Б.Байбекке қаратып айтқан сөзінде, - ред.) ұсынысыңызды қабыл алдық. Студенттер, зейнеткерлер, мүгедек жандар, мектеп оқушылары арнайы картаны 1 желтоқсанға дейін тегін алады. Онда иесінің суреті, ол туралы ақпарат жазылады. Ал, одан кейін карта құны 320 теңге болады. Оның балансында 80 теңге болады. Біздің ойымызша, 1 желтоқсанға дейін адамдардың 90 пайызы аталған картаны сатып алады», - деді И.Абдураманов. Айта кету керек, 1 қазаннан бастап, ақша төлеу жүйесінде өзгерістер пайда болады. Яғни, жолаушылар 1 қазаннан бастап «Оңай» жол картасын сатып алуы тиіс. 3 ай бойы тексерушілер арнайы терминал арқылы жолаушылар арасында билет сататын болады. Үш айдан соң бақылаушылар тек тексеруге көшеді. Яғни, жаңа жүйе 1 қаңтардан бастап толық іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар